2024 ж. 11 Қараша

AGROWORLD QAZAQSTAN ЖӘНЕ COLDCHAIN QAZAQSTAN 2024 АГРОБИЗНЕС ПЕН САЛҚЫН ЛОГИСТИКАНЫҢ КӨШБАСШЫЛАРЫН БІР АЛАҢҒА ЖИНАДЫ

2024 жылғы 30 қазан мен 1 қараша аралығында Алматыда 19-шы Орталық Азия халықаралық «Ауыл шаруашылығы» Agroworld Qazaqstan көрмесі және 9-шы Орталық Азия халықаралық «Суық қойма, тасымалдау және суық логистикаға арналған сервис» Coldchain Qazaqstan көрмесі өтті. Бұл шара агроөнеркәсіптік кешеннің жетекші ойыншыларын және өнімді сақтау саласының мамандарын бір алаңда тоғыстырды.

Бұл маңызды оқиға ауыл шаруашылығы мен суық логистикадағы заманауи технологияларды ұсынудың тиімді алаңына айналды. Үш күндік көрме барысында 2 526 салалық маман келіп, инновациялық шешімдермен танысып, маңызды іскерлік келісімдер жасады. Келушілер шараның маңыздылығын жаңа ақпарат көзі әрі серіктестікті нығайту мүмкіндігі ретінде атап өтті. «Қазіргі жағдайда жабдықтар мен ветеринариядағы соңғы жаңалықтардан хабардар болу өте маңызды. Бұл көрме бізге заманауи шешімдер туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді. Биыл біз қазіргі серіктестерімізбен кездесіп, 2025 жылға жоспар құрдық, сондай-ақ жаңа компаниялармен танысып, олармен болашақ ынтымақтастықты қарастырып жатырмыз», – деп әсерімен бөлісті «Алатау Құс» АҚ-ның аға ветеринарлық дәрігері Асет Абдреисов.

AGROWORLD QAZAQSTAN

2024 жылы 30 қазан мен 1 қараша аралығында Алматыда өткен AgroWorld Qazaqstan көрмесі 25 елден келген 190-нан астам компанияны тартты. Олардың қатарында Беларусь, Бельгия, Болгария, Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Дания, Израиль, Үндістан, Иордания, Испания, Италия, Қазақстан, Қытай, Малайзия, Нидерланды, Польша, Ресей, Сербия, АҚШ, Түркия, Өзбекстан, Франция, Чехия және Жапония бар. Салалық ведомстволардың қолдауымен Германия, Малайзия, Нидерланды және Оңтүстік Кореяның ұлттық және ұжымдық экспозициялары ұйымдастырылды. Бұл елдердің қатысушылары өз жетістіктерін көрсетуге мүмкіндік алды. Бұған қоса, Ресей Федерациясының аймақтық стендтері ұсынылды: Татарстан Республикасы мен Ставрополь өлкесінің өндірушілері. Көрмеге қатысушылар қатарында АлемВет (Қазақстан), Agro-Food-Gastro (Өзбекстан), Dongxiao (Қытай), Royal Pas Reform (Нидерланды), Cargill (АҚШ) сияқты жетекші компаниялар болды. 30-дан астам қазақстандық және 150-ге жуық шетелдік компания агроөнеркәсіп кешеніне арналған инновациялық шешімдерді ұсынды: құс және мал шаруашылығына, өсімдік шаруашылығына, ветеринарияға арналған жабдықтар мен технологиялар, суару жүйелері, тыңайтқыштар, өсімдікті қорғау құралдары мен бау-бақша техникасы. Сондай-ақ, ауыл шаруашылық нысандарын салу, сақтау, қайта өңдеу және агроөнімдерді логистикаға арналған техникалар мен шешімдерге ерекше көңіл бөлінді.

Биыл көрмеге алғаш рет қатысқандардың үлесі шамамен 35%-ды құрады, бұл халықаралық қауымдастықтың қызығушылығы мен сенімінің жоғары деңгейін көрсетеді. Дебютанттардың арасында Eurasia Group Kazakhstan (Қазақстан), Kohshin Engineering (Жапония), MCFP (Иордания), Гелан (Ресей), Irritec (Италия) және басқа компаниялар болды. Жаңа қатысушылар көрменің тиімділігін атап өтті: «Бұл көрмеге біз алғаш рет қатысып отырмыз. Біз күткен нәтижемізді алдық. Екі келісімшартқа қол қойдық, қосымша 10-ға жуық әлеуетті клиентпен келіссөздер жүріп жатыр. Келер жылы міндетті түрде тағы қатысуды жоспарлап отырмыз», – деп бөлісті «ТД Птица» ЖШҚ-ның Бас директоры Галина Скорик.

Құс шаруашылығына ерекше назар аударылды. Бұл бағытта Австрия, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Испания, Италия, Қазақстан, Нидерланды, Ресей және Түркиядан келген 30-ға жуық компания өздерінің үздік шешімдерін ұсынды. VDH Products (Нидерланды), Zucami (Франция), Neoforce (Ресей), PEJA (Нидерланды), Facco (Италия) сынды жетекші өндірушілер құс шаруашылығын тиімді жүргізуге арналған инновациялық технологияларын көрсетті.

Көрме бай іскерлік бағдарламаға да толы болды. Ол тәжірибе алмасуға және саланың дамуына арналған инновациялық тәсілдерді талқылауға негізгі алаңға айналды. Үш күн ішінде 32-ден астам арнайы сессия мен дөңгелек үстел өтті. Олар агротехнологиялардан бастап ауыл шаруашылығын цифрландыруға, табиғи ресурстарды тұрақты басқаруға дейінгі кең ауқымды мәселелерге арналды. «Қазақстан АӨК үшін инновациялық және цифрлық шешімдер» атты пленарлық сессия бағдарламаға бастау болды. Онда ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Баглан Бекбауов, Нидерланд Корольдігінің ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі және табиғат министрлігінің Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Сара Виссерс-Равичандран, «Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Басқарма төрағасы Жуматай Уразбаев, RinconAgrotech (Болгария) атқарушы директоры Константин Корнеев, «ДТрейд» ЖШС директоры Кирилл Комаров қатысты.

Бағдарлама аясында Нидерланды Елшілігі және Қазақстан құс өсірушілер одағының қолдауымен «Құс шаруашылығындағы нидерландық технологиялар» атты арнайы семинар өтті. Қатысушылар жаңа буындағы инкубаторлар, өнімді қауіпсіз қайта өңдеу және сарқынды суларды басқару жүйелерімен танысты. Бұл технологиялар Қазақстанда да тиімді қолданылып, құс шаруашылығының өнімділігін арттыруға ықпал етеді.

Маңызды шаралардың бірі – AgriForum болды. Онда органикалық егіншілік, өсімдік шаруашылығына тиімді тәсілдер және құс шаруашылығындағы заманауи технологияларға арналған сессиялар мен дөңгелек үстелдер өтті. Форумның басты тақырыбы – «Болашақ ауыл шаруашылығы»: экотехнологияларды пайдалану және табиғи ресурстарды тұрақты басқару. Қатысушылар жерді тиімді пайдалану, ауыл шаруашылық өнімдерін өсіру, қайта өңдеу және сақтау бойынша инновациялық әдістерді енгізудің маңызын талқылады. Қазақстандық, еуропалық және басқа елдерден келген спикерлер өнімді әрі тұрақты аграрлық секторды қалыптастыруға бағытталған зерттеулер мен тәжірибелерін ұсынды.

Форум аясында «Органикалық егіншілік және сертификаттау: халықаралық нарыққа сенімді қолжетімділік» атты тренинг өтті. Онда органикалық егіншіліктің артықшылықтары, сертификаттау рәсімдері, егіс айналымының және тұрақты өсіру әдістерінің маңыздылығы түсіндірілді. Сонымен қатар, «Топырақ денсаулығы және бүлінген жерлердің өнімділігін қалпына келтіру технологиялары» атты семинар өтті. Мұнда топырақтың тозуы және құнарлылығын сақтау мәселелері талқыланды. Бұл тақырып Қазақстан үшін ерекше өзекті. Сондай-ақ «Болашақтағы жемістер мен көкөністер: фермада өндіруден дастарқанға дейін» сессиясы өтті. Онда жетекші фермерлер мен агрокомпаниялардың озық шешімдері ұсынылды.

AgroWorld Qazaqstan-мен қатар Орталық Азиядағы суық логистикаға арналған жалғыз көрме – ColdChain Qazaqstan өтті. Оған Беларусь, Германия, Үндістан, Қазақстан және Ресейден келген қатысушылар өздерінің өнімді сақтау мен тасымалдауға арналған инновациялық технологияларын ұсынды. Бұл агроөнеркәсіптік жеткізу тізбегіндегі шығындарды азайту үшін ерекше маңызды.

AgroWorld Qazaqstan мен ColdChain Qazaqstan 2024 агроөнеркәсіп кешені мен сақтау технологиялары үшін өңірдегі ең ірі көрме алаңы мәртебесін тағы да растады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығы мен суық логистикадағы инновацияларға деген зор қызығушылықты көрсетіп қана қоймай, халықаралық әріптестіктің жаңа мүмкіндіктерін ашты. Олар білім алмасуды, бизнес, ғылым және мемлекеттік құрылымдар арасындағы байланыстарды нығайтуды жандандырады. Қатысушылар мұндай шаралардың маңыздылығын атап өтті: «Менің ойымша, мұндай көрмелер саланың дамуына оң әсер етеді. Себебі жабдық жеткізушілері жаңа серіктестер тауып, ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік алады. Ал бұл өз кезегінде саланы анағұрлым өнімді етеді», – деді «Guentner Kazakhstan» ЖШС техникалық қолдау менеджері Дмитрий Григорьев.

Көрмелердің ұйымдастырушысы – Қазақстандық ITECA көрме компаниясы және оның халықаралық серіктесі ICA Events компаниялар тобы.

Көрмелерге ресми қолдау көрсеткендер: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі, Қазақстан жылыжайлар одағы, Қазақстан құс өсірушілер одағы, Алматы облысы бағбандар қауымдастығы.