2026 ж. 21 Қазан

АЛМАТЫДА ИННОВАЦИЯЛАР МЕН ҚАУІПСІЗДІКТІҢ ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ҰСЫНАТЫН SECUREX KAZAKHSTAN 2026 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

БҮГІН, 2026 ЖЫЛҒЫ 21 ҚАЗАНДА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДА 14-ШІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАУІПСІЗДІК, ӨРТТЕН ҚОРҒАУ, АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР, БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ ДРОНДАР» КӨРМЕ — SECUREX KAZAKHSTAN 2026 ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ.

Изображение

Қауіпсіздік саласындағы елдегі ең ірі мамандандырылған іс-шаралардың бірі өндірушілерді, технологиялық шешімдерді жеткізушілерді, салалық сарапшыларды және кәсіби қоғамдастық өкілдерін біріктірді.

Биыл экспозиция 6 елден — Беларусь, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Ресей және Чехиядан — 50 компанияны біріктірді. Қатысушылар қатарында 23 отандық және 27 халықаралық компания бар. Олар қауіпсіздік индустриясының түрлі сегменттеріндегі заманауи әзірлемелерін ұсынады. Қатысушылардың 35%-ы Securex Kazakhstan көрмесіне алғаш рет қатысып, өз өнімдері мен технологиялық шешімдерін таныстыруда. Бұл экспоненттер құрамының жаңарып жатқанын және кәсіби қоғамдастықтың Қазақстан нарығына қызығушылығын көрсетеді. Көрме экспозициясы ықтимал қауіптердің алдын алуға, нысандардың қорғалуын қамтамасыз етуге және төтенше жағдайларға ден қою тиімділігін арттыруға бағытталған шешімдердің кең ауқымын қамтиды.

Бірінші күннің маңызды оқиғасы Securex Kazakhstan 2026 көрмесінің ресми ашылу салтанаты болды. Оған мемлекеттік органдардың, салалық бірлестіктердің, халықаралық бизнес пен бейінді ұйымдардың өкілдері қатысты. Салтанатты іс-шара көрменің үш күндік жұмысын бастап, ұлттық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру, озық технологияларды енгізу және инженерлік-техникалық инфрақұрылымды дамыту мәселелерінде мемлекеттік және жеке секторлардың күш-жігерін біріктірудің өзектілігін атап өтті.

Ашылу салтанатының құрметті қонақтары қатарында: Руслан Қайрақбаев– ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары; Жүсіпов Данияр – Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары; Арман Құсайынов – ҚР ТЖМ Қызмет комитеті басқармасының бастығы; Юлия Палагутина – көрменің Event-директоры болды.

Ресми бөлім аясында бейінді ведомстволар мен салалық қоғамдастық өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, технологиялық әлеуетті дамытудың, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтудың және стратегиялық маңызды нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кешенді тәсілдерді енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Өз сөзінде Руслан Қайрақбаев былай деп атап өтті: «Төтенше жағдайлар саласындағы заманауи сын-қатерлер халық пен аумақтарды қорғауға жүйелі көзқарасты талап етеді. Технологияларды дамыту, техникалық құралдарды жетілдіру және кәсіби тәжірибе алмасу төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыруға, сондай-ақ олардың алдын алу және салдарын жою шараларының тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді. Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласында заманауи технологияларды дамыту мен енгізудің маңызы ерекше.

Осы міндеттерді шешу үшін заманауи ғылыми-техникалық база, тиімді технологиялар, сенімді техникалық құралдар мен жабдықтар қажет. Securex Kazakhstan 2026 көрмесі қауіпсіздік, өрттен қорғау және құтқару салаларындағы заманауи әзірлемелер мен жетістіктерді таныстыруға арналған кәсіби алаң ұсынады».

Ресми бағдарламаның жалғасы ретінде Securex Kazakhstan 2026 экспозициясы бойынша VIP-тур ұйымдастырылды. Оның барысында құрметті қонақтар отандық және шетелдік өндірушілердің әзірлемелерімен, заманауи инженерлік-техникалық кешендермен және экономиканың түрлі салаларына арналған мамандандырылған шешімдермен танысты.


Изображение

Securex Kazakhstan 2026 көрмесінің негізгі жаңалықтарының бірі — іскерлік бағдарламаға алғаш рет көрме аясында ұйымдастырылған Қазақстанның I Инженерлік форумының енгізілуі. Жаңа кәсіби алаң қауіпсіздікті инженерлік қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін, зияткерлік жүйелерді енгізуді және аса маңызды нысандарды қорғау тәсілдерін жетілдіруді талқылауға арналған.

Форумның мазмұндық бөлімі саланы дамытудың өзара байланысты бағыттарын қамтитын үш тақырыптық сессиядан тұрды. «Қазақстанның аса маңызды инфрақұрылымының қауіпсіздігі: нормативтік базадан цифрлық шешімдерге дейін» атты стратегиялық сессия стратегиялық маңызы бар нысандардың қорғалу деңгейін арттыру, нормативтік тетіктерді жетілдіру және тәуекелдерді басқаруда цифрлық құралдарды қолдану мәселелеріне арналды. Ал «Роботтандыру, ЖИ және автоматтандыру: өнеркәсіптік объектілердің қауіпсіздік жүйелерінде» атты стратегиялық сессияда өндірістік қауіпсіздіктің тиімділігін арттыру үшін зияткерлік технологияларды, роботтандырылған кешендер мен автоматтандырылған жүйелерді енгізу перспективаларын қарастыру көзделді. Бағдарламада өрт қауіпсіздігі мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Бұл тақырып «Аса маңызды нысандардың өрт қауіпсіздігіне арналған инженерлік шешімдер: есептеулер, автоматика және сараптама жүргізу тәжірибесі» атты салалық сессия аясында қарастырылды.

Ертең, 22 қазанда, іскерлік бағдарлама аясында «Өнеркәсіпке, қауіпсіздікке және экологияға арналған дрондар» тақырыбындағы Dronex II конференциясы өтеді. Конференция экономиканың түрлі секторларында ұшқышсыз авиациялық технологияларды қолдану мәселелеріне арналады.

Securex Kazakhstan 2026 мамандандырылған экспозиция мен салалық пікірталас алаңдарын ұштастыра отырып, сараптамалық білім алмасуға, өзекті технологиялық сын-қатерлерді талқылауға және нарық қатысушылары арасындағы практикалық өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.


Изображение

Securex Kazakhstan 2026 көрмесіне ресми қолдауды Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» көрсетеді.

Көрмені ұйымдастырушылар — Қазақстанның Iteca және Атакент-Экспо көрме компаниялары, сондай-ақ халықаралық серіктес — ICA Events компаниялар тобы.

Securex Kazakhstan 2026 көрмесі 23 қазанды қоса алғанда өз жұмысын жалғастырады, бұл мамандарға халықаралық экспозициямен танысуға, заманауи инженерлік-техникалық әзірлемелерді зерделеуге және жаңа іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.