ҚАЗАҚСТАН МЕН АЛМАТЫНЫ ТҰРУ ЖӘНЕ ЖҰМЫС ІСТЕУ ҮШІН ЕҢ ҚАУІПСІЗ ОРЫНҒА АЙНАЛДЫРУ – SECUREX KAZAKHSTAN, ITS ЖӘНЕ DRONEX KAZAKHSTAN 2025 КӨРМЕЛЕРІНІҢ НЕГІЗГІ МІНДЕТІ.
БҮГІН, 2025 ЖЫЛҒЫ 12 НАУРЫЗДА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ «АТАКЕНТ» КӨРМЕ КЕШЕНІНДЕ «ҚАУІПСІЗДІК, ӨРТКЕ ҚАРСЫ ҚОРҒАНЫС, АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖӘНЕ ДРОНДАР» – SECUREX KAZAKHSTAN / ITS / DRONEX 2025 КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ.

Іс-шара әлемнің түкпір-түкпірінен жетекші компанияларды, сарапшылар мен мамандарды біріктіріп, озық технологияларды көрсетуге, өзекті мәселелерді талқылауға және инновациялық шешімдерді іздеуге мүмкіндік берді.
Көрмеде индустрияның негізгі бағыттарын қамтитын ауқымды экспозиция ұсынылды: өртке қарсы қорғаныс пен киберқауіпсіздік жүйелерінен бастап, ұшқышсыз технологиялар мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған интеллектуалды шешімдерге дейін.

2025 жылғы экспоненттер қатарында Беларусь, Германия, Қазақстан, Қытай, Ресей, Түркия, АҚШ және Оңтүстік Кореядан келген 65 қатысушы болды.
Өз стендтерінде қатысушылар қауіпсіздік индустриясының негізгі бағыттарын қамтитын кең ауқымды шешімдер мен технологияларды ұсынды. Олардың қатарында физикалық және периметрлік күзет, бейнебақылау мен қолжетімділікті бақылау жүйелері, киберқауіпсіздік, өрт қауіпсіздігі, сондай-ақ ұшқышсыз жүйелер мен дрондарға қарсы технологиялар бар.

Көрме дебютанттары жалпы қатысушылардың 42%-ын құрады.
Олар заманауи технологияларға жаңа көзқарас әкеліп, индустрияда жаңа стандарттарды қалыптастыратын шешімдерді ұсынды. Дебютант-компаниялардың қатарында: All Prof-Telecom, Almavikon, AP Sensing, Arti Group, Геоскан-Казахстан, NewTech Distribution және басқалары бар.
Securex Kazakhstan көрмесінде алғаш рет «DronEx Kazakhstan 2025» атты арнайы бөлім ұсынылды, бұл заманауи әлемде ұшқышсыз технологиялардың рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді. Аталған бөлім дрондар саласындағы озық әзірлемелерді, олардың өнеркәсіпте, мониторингте және қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қолданылуын көрсетуге, сондай-ақ ұшқышсыз қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Бұл экспозицияға қатысқан компаниялар қатарында: Геоскан-Казахстан, БизнесИнжиниринг, CLEVEREST, D-FEND, VODOPAD бар.
8-павильонда орналасқан ерекше дрондар аймағы келушілерге басқару тренажерлары арқылы технологиялармен өзара әрекеттесуге және дрон-футбол сияқты интерактивті ойындарға қатысуға мүмкіндік берді. Әрбір қонақ өзін нағыз дрон ұшқышы ретінде сезіне алды.

ITS бөлімі киберқауіпсіздікке арналды және үлкен қызығушылық тудырды. Деректер мен инфрақұрылымды қорғауға арналған озық технологияларды IT Security Systems, Iris ID Systems Inc., Almighty Technology, NUR-AI DIGITAL, Чефи, TP-Link Kazakhstan, Suprema, Ap Sensing компаниялары таныстырды. Қатысушылар өз стендтерінде заманауи дәуірдің басты сын-қатері болып саналатын кибертұрақтылықты қамтамасыз етуге арналған стратегиялық тәсілдерді талқылады.
Securex Kazakhstan / ITS / Dronex 2025 көрмесінің алғашқы күні тек технологиялық жетістіктерді көрсету алаңы ғана емес, сонымен қатар қауіпсіздік индустриясының болашағы жөнінде белсенді пікірталасқа негіз қалады. Алғашқы күннің іскерлік бағдарламасы мазмұнды болып, инновациялар, киберқауіпсіздік, ұшқышсыз технологиялар және корпоративтік шешімдерге қатысты кең тақырыптарды қамтыды. Бағдарлама «Қазақстандағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған инновациялар мен инфрақұрылымдық шешімдер» тақырыбындағы Пленарлық отырыстан басталды. Спикерлер қатарында Марат Хасенов – «Семсер - Өрт сөндіруші» компаниясының тәуелсіз техникалық директоры, Нурлан Атығаев – Алматы қаласы ТЖД бастығы, Рамазан Арынғазыұлы – ЕО Өртке қарсы қорғау Ұлттық қауымдастығының төрағасы, Александр Гусев – «Egida Group» ЖШС техникалық директоры және басқа да сарапшылар болды.
Өзінің құттықтау сөзінде Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Каримжан Рахман атап өтті: «Біздің алдымызда тұрған маңызды міндет — Қазақстанды және Алматыны өмір сүруге әрі жұмыс істеуге анағұрлым қауіпсіз орынға айналдыру. Ол үшін заманауи технологияларды енгізу, заңнаманы жетілдіру және халықтың хабардарлығын арттыру қажет. Securex Kazakhstan 2025 — қауіпсіздік саласындағы жаңа шешімдерді талқылауға және тәжірибе алмасуға арналған басты халықаралық алаңдардың бірі».

Іскерлік бағдарлама аясында сондай-ақ «DronEx 2025: Технологиялар іс-қимылда» атты І Конференция өтті. Оны «AARDVARK» ЖШС директоры Дмитрий Иванов жүргізді. Талқыланған тақырыптар қатарында дрондарды пайдалану қауіпсіздігі мен құқықтық реттеу, антидрондық шешімдер және технологиялық инновациялар болды. Конференция спикерлері нақты кейстерді ұсынып, дрондардың өнеркәсіпте және төтенше жағдайларда қолданылуының практикалық аспектілерін талқылады.
Алғашқы күннің бағдарламасы TP-Link компаниясының интерактивті семинарымен қорытындыланды. Онда компанияның B2B-менеджері Алмазжан Атамбаев «TP-Link-тен тиімді корпоративтік шешімдер: өндірушіден серіктеске және тұтынушыға дейін» тақырыбын таныстырды. Семинарға қатысушылар тек соңғы жаңалықтармен танысып қана қоймай, сонымен бірге викторинамен бизнес-ойында да бақ сынап, іс-шараны әрі білімді, әрі қызықты ете алды.

Ертең, 13 наурыз күні, Securex Kazakhstan 2025 көрмесінің қонақтарын кемінде осындай мазмұнды әрі қызықты іскерлік бағдарлама күтеді. Бағдарламаның басты назарында киберқауіпсіздік, практикалық шешімдер мен инновациялық әзірлемелер болады. Күн «Securex Talks: Күрделі инфрақұрылымдардың киберқауіпсіздігі: табиғи VS жасанды интеллект» атты панельдік сессиямен басталады, оның модераторы Qaztech Альянсының ақпараттық қауіпсіздік комитетінің тең төрағасы және DataStar компаниясының басқарушы директоры Евгений Питолин болады. Одан кейін бағдарлама аясында «Securex Practice: Іске асыру бойынша практикалық кейстер мен мәселелер» атты тәжірибелік сессия өтеді, онда сарапшылар киберқауіпсіздік саласында шешімдерді жүзеге асырудың нақты мысалдарын ұсынады. Күннің соңында Suprema компаниясының семинары өтеді, ол кәсіпорындардың инновациялық қауіпсіздік жүйелеріне арналады.
Іс-шараның ұйымдастырушылары – қазақстандық «Атакент-Экспо», «Iteca» көрме компаниялары және оның халықаралық серіктесі – ICA Events компаниялар тобы.
Көрменің бас серіктесі – ЭГИДА GROUP.
Бас ақпараттық серіктес – RUБЕЖ журналы.
Жобаға жыл сайын Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі және Алматы қаласының әкімдігі ресми қолдау көрсетеді.
Көрме тағы екі күнге, 14 наурызға дейін жалғасады. Қауіпсіздік индустриясының барлық мамандарын іс-шараның ресми сайтында алдын ала тіркелуге шақырамыз!
