2026 ж. 5 Қазан

KIOGE 2026 БІР АЛАҢҒА 6 567 КЕЛУШІ МЕН ӘЛЕМНІҢ 58 ЕЛІНІҢ ӨКІЛДЕРІН ЖИНАП, МЕРЕЙТОЙЛЫҚ МАУСЫМНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫН ШЫҒАРДЫ

2026 ЖЫЛҒЫ 30 ҚЫРКҮЙЕК ПЕН 2 ҚАЗАН АРАЛЫҒЫНДА АЛМАТЫДА 30-ШЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «МҰНАЙ ЖӘНЕ ГАЗ» КӨРМЕСІ МЕН КОНФЕРЕНЦИЯСЫ – KIOGE 2026 ӨТТІ.

Изображение

Үш күн ішінде мерейтойлық іс-шараға 6 567 бірегей келуші келді. Іс-шара мемлекеттік құрылымдардың, ұлттық және халықаралық мұнай-газ компанияларының, салалық бірлестіктердің, сарапшылар қауымдастығының, жабдық өндірушілер мен технологиялық шешімдер жеткізушілерінің өкілдерін біріктірді.

KIOGE 2026 бағдарламасында жобаның 30 жылдығына арналған іс-шаралар ерекше орын алды. Мерейтой көрме тарихындағы маңызды белеске айналып, Қазақстанның мұнай-газ саласының қалыптасуына тікелей қатысқан адамдардың өмір жолы, кәсіби тәжірибесі мен естеліктері арқылы KIOGE дамуының үш онжылдығына көз жүгіртуге мүмкіндік берді. Мерейтойға орай KIOGE-нің 30 жылдық тарихы туралы деректі фильм дайындалды. Оның кейіпкерлері мұнай-газ саласының басшылары, сарапшылары мен ардагерлері болды. Олар өз естеліктерінде саланың негізгі даму кезеңдері, айтулы оқиғалар мен соңғы онжылдықтарда болған өзгерістер туралы баяндады. Тарихи шежірені мұрағат материалдарын, маңызды оқиғалар мен көп жыл бойы мұнай-газ кешенінің және көрменің дамуына үлес қосқан кәсіби қауымдастық өкілдерінің естеліктерін біріктірген арнайы «KIOGE 30» мерейтойлық басылымы толықтырды.

Мерейтойлық бағдарламаның шарықтау шегі Almaty Theatre-де өткен салтанатты рәсім болды. Оған мемлекеттік органдар мен бейінді министрліктердің өкілдері, жетекші ұлттық және халықаралық мұнай-газ компанияларының басшылары, KIOGE серіктестері, саланың көшбасшылары мен ардагерлері жиналды. Кештің басты оқиғаларының бірі – кәсіби қызметінің ондаған жылын саланың қалыптасуы мен дамуына арнаған мұнай-газ кешені ардагерлерін құрметтеу және марапаттау болды. Рәсім ұрпақтар сабақтастығын және кәсіби қауымдастықтың Қазақстанның қазіргі мұнай-газ секторын қалыптастыруға қосқан үлесін айқындады.

Мерейтойлық экспозиция «Атакент» Қазақстан іскерлік ынтымақтастық орталығының 7, 8, 9, 10 және 11-павильондарында орналастырылып, 501 компанияны біріктірді. Олардың 187-сі Қазақстанның, ал 314-і халықаралық бизнестің өкілдері болды. Бұл ретте экспоненттердің 34%-ы KIOGE-ге алғаш рет қатысты. Ұлттық топтар Аустрия, Германия, Үндістан, Италия, Қытай және Ресей атынан ұсынылды.

KIOGE 2026 іс-шарасының халықаралық ауқымын 58 елдің өкілдері қалыптастырды: Аустралия, Аустрия, Әзірбайжан, Армения, Бангладеш, Беларусь, Бельгия, Болгария, Ұлыбритания, Мажарстан, Гана, Германия, Грекия, Грузия, Дания, Мысыр, Израиль, Үндістан, Индонезия, Иран, Испания, Италия, Қазақстан, Камерун, Канада, Қатар, Қытай, Кипр, Кувейт, Қырғызстан, Ливан, Малайзия, Монако, Нигерия, Нидерланд, Норвегия, БАӘ, Оман, Пәкістан, Польша, Португалия, Ресей, Румыния, Сауд Арабиясы, Сингапур, АҚШ, Танзания, Таиланд, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Украина, Франция, Чехия, Швейцария, Эстония, Оңтүстік Корея және Жапония.

Қатысушылар географиясының кеңдігі халықаралық кәсіби диалогты дамытуға және іскерлік байланыстарды кеңейтуге ықпал етті. Үш күн бойы алаң жабдық өндірушілерді, мұнай сервистік компанияларды, ірі жоба операторларын, технология жеткізушілері мен сала мамандарын біріктірді. Іскерлік өзара іс-қимылдың практикалық бөлігін B2B және G2B форматтарындағы тікелей келіссөздер толықтырды: KIOGE аясында 280-нен астам кездесу өтті.

Халықаралық қатысудың маңызды бөлігі көрмеге Аустрия, Ауғанстан, Беларусь, Болгария, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Иран, Италия, Канада, Қытай, БАӘ, Ресей Федерациясы және Украинаның дипломатиялық миссиялары өкілдерінің келуі болды. Дипломатиялық корпус өкілдері экспозициямен және KIOGE-де ұсынылған өз елдерінің компанияларының қызметімен танысып, халықаралық іскерлік байланыстарды дамытуға және шетелдік бизнестің Қазақстанның мұнай-газ секторымен өзара іс-қимылына қолдау көрсетті.

Көрмеге қатысудың практикалық маңызын экспоненттердің өздері де атап өтті. «КАЗЭНЕРГОКАБЕЛЬ» АҚ коммерциялық директорының орынбасары Сергей Шатских былай деді: «Біз Iteca ұйымдастыратын KIOGE көрмесіне 2008 жылдан бері қатысып келеміз. Жыл сайын көрмеге қатысып, мүмкіндіктеріміз бен қол жеткізген нәтижелерімізді көрсету біз үшін үлкен, жақсы, жылы дәстүрге айналды. Көптеген нәтижелі келіссөздер жүргізілді, соның ішінде болашақ ынтымақтастық туралы келісімдер алдын ала жасалды. Бұл бізді қатты қуантады».

Көрме экспозициясымен қатар 620 делегатты біріктірген 30-шы мерейтойлық халықаралық KIOGE конференциясы өтті. Спикерлер 12 елден – Әзірбайжан, Ұлыбритания, Италия, Қазақстан, Қатар, Қырғызстан, Малайзия, Нидерланд, БАӘ, Польша, АҚШ және Өзбекстаннан келді. Іскерлік бағдарламаға барлығы 88 спикер қатысып, 13 іскерлік іс-шара өткізілді.

Іскерлік бағдарлама күндер бойынша бөлініп, мұнай-газ кешенін дамытудың негізгі бағыттарын — жаһандық интеграция мен upstream-нен бастап цифрлық трансформация, газ химиясы, машина жасау, ESG, инвестициялар және кадрлық коммуникацияларға дейін қамтыды.

30 қыркүйекте конференцияның басты оқиғасы «Жаһандық интеграция: Қазақстанның жаңа энергетикалық тізбектердегі рөлі» атты пленарлық отырыс болды. Бірінші күні сондай-ақ «Интеллектуалды upstream: сейсмикалық барлаудан ұңғымаға дейін» атты стратегиялық сессия, «Экспорттық логистика және бағыттар геосаясаты» атты панельдік сессия, KAZENERGY Ұлттық энергетикалық баяндамасының таныстырылымы, «Төмен көміртекті даму, ESG және климаттық реттеу – жаңа стандарттар» атты панельдік сессия, «Мұнай-газ саласын цифрлық трансформациялаудың тәжірибелік кейстері: ЖИ, автоматтандыру және жаңа технологиялар» атты сессия, сондай-ақ «Мұнай-газ машина жасау және мұнай химиясы» атты панельдік сессия өтті.

Бірінші күннің жеке оқиғасы Baker Hughes пен «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ арасында Қазақстанда мұнай-газ жабдығы өндірісін жергіліктендіру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою болды.

1 қазанда конференция жұмысы «Газ және газ химиясы: құнды қайта өңдеу стратегиясы» атты стратегиялық сессиямен жалғасты. Екінші күннің бағдарламасына мұнай-газ саласының ардагерлері қатысқан «Сала аңыздары: сын-қатерлер мен жеңістер туралы» атты панельдік сессия, XXVI WPC Energy конгресінің (Дүниежүзілік мұнай конгресінің) таныстырылымы, «Қазақстанның энергетикалық болашағы: инвестициялар, энергетикалық ауысу және стратегиялық мүмкіндіктер» атты панельдік сессия, GR Hub Kazakhstan ұсынған «Кешенді GR» іскерлік ойыны, сондай-ақ «Тұрақты негіз жоқ: қарама-қайшы басымдықтар арасында тепе-теңдікті қалай табуға және белгісіздік әлемінде табысқа қалай жетуге болады» атты PR & HR бизнес-симуляциясы кірді.

Конференция бағдарламасымен қатар көрме аумағында да жеке кәсіби бағдарлама қалыптастырылды. № 8 павильонның конференц-залында мамандар үшін ашық сегізден астам сессия, семинар және таныстырылым өтті. 30 қыркүйекте іс-шараларды LMP Project Group CA, KSP STEEL және «QazaqGaz» ҰК» АҚ, ал 1 қазанда «Топан», NCOC, KPO және «Теңізшевройл» өткізді. Бағдарламада Астанада 2028 жылғы 11–15 маусымда өткізу жоспарланған XXVI WPC Energy конгресінің таныстырылымы ерекше орын алды.

KIOGE-нің үшінші, қорытынды күні көрме экспозициясының жұмысына және қатысушылар мен келушілер арасындағы тікелей кәсіби өзара іс-қимылды жалғастыруға арналды. Компаниялар әлеуетті тапсырыс берушілермен және серіктестермен кездесулер өткізуге, жабдық және технологиялық шешімдерді таныстыруға, байланыс деректерімен алмасуға және алдағы ынтымақтастық перспективаларын талқылауға мүмкіндік алды.

Сала мамандарының пікірлері де KIOGE-ге келудің практикалық құндылығын көрсетеді. "МГҚК ҚазҚұрылысСервис" АҚ келісімшарттар және қосалқы мердігерлік шарттар департаментінің директоры Арман Аманжолов былай деді: «Көрмеге шамамен алтыншы рет келіп отырмыз. Биыл ұйымдастыру деңгейі көтеріліп, көрменің өзі де ауқымды бола түсті. Қатысушы көп, әсіресе Ресей мен Қытай компаниялары кеңінен ұсынылған. Жұмысымыз үшін қызықты компанияларды таптық. Келесі жылы көрмеге міндетті түрде қайта келуді жоспарлап отырмыз».

Мерейтойлық жыл KIOGE жобасының тарихындағы маңызды белеске айналды. Үш онжылдық ішінде көрме мен конференция мемлекет, бизнес және кәсіби қауымдастықтың өзара іс-қимылына арналған тұрақты халықаралық алаң қалыптастырды. KIOGE мұнай-газ саласының өкілдерін біріктіріп, жаңа іскерлік байланыстар орнатуға, технологиялық шешімдерді таныстыруға және энергетика секторын одан әрі дамыту бағыттарын талқылауға ықпал етеді.

KIOGE 2026 Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің, Алматы қаласы әкімдігінің, «Атамекен» ҰКП, «Қазақстандық KAZENERGY қауымдастығы» ЗТБ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, PSA, IMBC, Energy Monitor, KazService және PETROCOUNCIL.KZ ұйымдарының ресми қолдауымен өтті.

KIOGE бас серіктестері «ҚазМұнайГаз» және «Теңізшевройл» болды. Алтын серіктестер – QazaqGaz, NCOC және KPO; күміс серіктестер – Каспий құбыр консорциумы, Eni, Solar Turbines, AB Tec және CNPC; қола серіктестер – Shell, Honeywell, Eurasian Machinery, AVC Group, Mercedes, TAQA, ГМС және WoodKSS.

KIOGE ұйымдастырушылары – Қазақстандық Iteca көрме компаниясы және оның халықаралық серіктесі ICA Events.