2026 ж. 20 Қазан

PLASTEX QAZAQSTAN 2026 КӨРМЕСІНДЕ ПОЛИМЕР ИНДУСТРИЯСЫН ДАМЫТУ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ БАСТЫ НАЗАРДА

2026 ЖЫЛҒЫ 21–23 ҚАЗАНДА АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДА ПЛАСТМАССА ЖӘНЕ ХИМИЯ ӨНЕРКӘСІБІНІҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ PLASTEX QAZAQSTAN 2026 КӨРМЕСІ ӨТЕДІ.

Изображение

Мамандандырылған алаң 4 елдің — Қазақстан, Қытай, Ресей және Өзбекстанның компанияларын біріктіреді. Экспоненттер қатарында полимер және химия салаларын дамытуға арналған заманауи технологияларды, жабдықтар мен шешімдерді ұсынатын 10 отандық және 6 шетелдік кәсіпорын бар.

Экспозиция шикізат пен компоненттерден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қамтиды. Көрмеге келушілерге полимерлерді өңдеу технологиялары, автоматтандыру жүйелері мен перифериялық жабдықтар, пресс-қалыптар және технологиялық жарақтар ұсынылады. Композиттік материалдарға, полиуретандарға, каучукке, резеңке-техникалық бұйымдарға және 3D-басып шығару саласындағы шешімдерге ерекше назар аударылады. Ұсынылған әзірлемелер мамандарға саланың өзекті үрдістерімен танысуға, өндірісті жаңғырту мүмкіндіктерін бағалауға және жаңа іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.

Көрменің маңызды құрамдас бөлігі мұнай-газ химиясы кешенін дамытудың стратегиялық бағыттарын, өңдеу қуаттарын кеңейтуді және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды талқылауға бағытталған іскерлік бағдарлама болады. Бағдарламаның орталық іс-шарасы — «Қазақстанның полимер индустриясы: мұнай-газ химиясы өндірістерін іске қосудан қайта өңдеу деңгейі жоғары өнім шығаруға дейін» атты пленарлық отырыс.

Кәсіби диалог «Полимерлік шешімдер арқылы ТКШ-ны жаңғырту: құбыр өнімдерін өндіруді дамыту және инфрақұрылымдық жобаларды жергіліктендіру» және «Қазақстандағы пластмассаны қайта өңдеу экономикасы» атты тақырыптық сессиялармен жалғасады. KPI компаниясы «Қазақстанда полимерлерді қайта өңдеуді дамыту: коммерциялық шешімдер және KPI арнайы бағдарламалары» атты арнайы сессия өткізеді. Бағдарламада сондай-ақ индустрияны дамытудың перспективалы бағыттарын қарастыруға арналған Foresight Block өткізу көзделген.

Plastex Qazaqstan 2026 көрмесінің өткізілуі өндірушілер, технологиялық шешімдерді жеткізушілер және салалық сарапшылар арасындағы өзара байланысты нығайтуға ықпал етеді. Көрме өндірістік кооперацияны кеңейтуге, инновацияларды енгізуге және химия өнеркәсібі мен полимерлерді қайта өңдеу саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашады.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, «Атамекен» ҰКП, «Самұрық-Қазына Өңдеу», PGCA Мұнай-газ химиясы қауымдастығы, «KAZХИМИЯ» ЗТБ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, Қазақстанның «PetroCouncil» мұнай-газ кеңесі, КНК Кемикал, Полимер құбыр өндірушілер қауымдастығы, сондай-ақ Oil&Gas, Petroleum, Polymer Market, Recycle Birge, PLASTICS INDUSTRY, LOOKING PLAS және POLYMER BAZAAR салалық басылымдары мен ақпараттық платформаларының ресми қолдауымен өтеді.

Көрменің бас серіктесі — KPI.

Көрмені ұйымдастырушылар — Қазақстандық Iteca көрме компаниясы және ICA Events компаниялар тобы.